Қызғанбайтын болдық-ау қатынды да,
Ғаламторда тілдесіп жатыр мұнда.
Қандай дос ол, кімменен сөйлесті деп,
Салынбаймыз сары уайым, қайғы мұңға.
Өйткені рас, өзің де желідесің,
Еркелермен есіріп ерігесің.
Бойдақпын деп, жар іздеп жүргендей бір,
Болса дейсің жас қыздан көңілдесің.
Қатыным сезбесін деп үндемейсің,
Қайдан келдің, кіммен деп,термемейсін.
Өз кінәңді жарыңнан жасырам деп,
Жұбайыңды тексеріп үлгермейсің.
Әлеуметтік желілер көбейуде,
Күннен күнге сан түрі көркейуде.
Жалаңаштық жаhанды жаулап алып,
Жас ұрпақтың санасын игеруде.
Жан досыңның жарына көз саласың,
Неткен сұлу, көркем деп тамсанасың.
Құдай қосқан қосағың ұмыт болар,
Өзге жанның құшағын аңсағасын.
Тәрбие тәлім алып өзге елден,
Ауруға да шалдықтық лезде келген.
Баламыз ғаламторда не көреді деп,
Қарамаймыз, қорғаштап ерсі желден.
Көкейде бір сұрақ бар жауабы жоқ,
Көбейуде ерлерім сауабы жоқ.
Сауна кезген серілер кесірінен,
Жетімдердің көз жасы жауады көп.
Жараса ма, айтуға жігіт десек,
Аңдығаны өсек пен, болса төсек.
Бір ананың өрімдей жас шыбығын,
Алдап арбап, көндірсе кеуде төсеп.
Ей, пенде, құмарлықты қоймадың ба?
Сауыққа сайран салар тоймадың ба?
Жас қыздың ар намысын қорлағанда,
Анаңды, қарындасты ойладың ба?
Уа жаратқан, тәңірім, раббым Алла,
Тәнімді мүгедек қыл, бәрін жалма.
Тек қана басымды иіп өтінерім,
Жүректен иманымды суырып алма.
(с) Ринат Зайытов